Алматыда Мұхтар Әбіләзовке қатысты сот отырысы өтіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының ауданаралық мамандандырылған сотында Мұхтар Әбіләзовке қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотында БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзов пен аталған қаржылық институттың бұрынғы топ-менеджерлерінің ісіне қатысты басты сот отырысы өтіп жатыр. Тергеудің мәліметтері бойынша, мемлекетке келтірілген жалпы шығынның көлемі 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар Еркін Баймағамбетов пен Тимур Шамаи айыптау актісін оқыды. Жалпы алғанда, бұл құжатты жария етуге екі сағатқа жуық уақыт жұмсалды.
«Әбіләзов Мұхтар Қабылұлы, Жәрімбетов Жақсылық Дайрабайұлы, Садықов Қайрат Арғынғазыұлы жекеменшікке, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке, коммерциялық ұйымдардағы мүдделерге қарсы, сондай-ақ экономикалық қызмет саласында қылмыстық іс-қимылдар жасады деп айыпталуда. Мәмеш Садуақас Халықсоветұлы да төменде айтылған жағдайларда экономикалық қызмет саласында жекеменшікке қарсы іс-қимылдар жасады деп айыпталуда»,- деді сотта Еркін Байғамамбетов.
Прокурордың айтуынша, М.Әбіләзовтің БТА банктің басшылығына келуіне орай пайда болған ақша жымқырудың қылмыстық жоспары өзінің ауқымдылығымен ерекшеленеді.
«Әбіләзовтің есебі бойынша, ақша жымқыруды жүзеге асырмай тұрып, ол банкке халықаралық қаржы институттарының қарызы мен халықтың салымынан барынша көбірек ақша тартуды ойластырады»,- деп атап айтты мемлекеттік айыптаушы.
Еркін Баймағамбетовтің айтуынша, М.Әбіләзов ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері мен белсенді мүшелерінің арасынан өзінің ең сенімді өкілдерін анықтап алған. Олар банктегі жетекші лауазымдарға тағайындалған және оларға қажетті өкілеттіктер бөлініп берілген.
«ҰҚҚ құрылымындағы әрбір қылмыстық топтың өзінің нақты белгіленген мақсаты, міндеті, қызметі, бағыты, жетекшілері мен қатысушылары болған»,- деп түсіндірді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурордың сөзіне қарағанда, М. Әбіләзов өзінің қылмыстық жоспарларын іске асыру үшін өз орынбасарларына банктің капиталын ұлғайту және ірі көлемдегі инвестициялар мен салымдарды тарту үшін қылмыстық сызба жасауды тапсырады.
Бұл сырттағы несие берушілердің коммерциялық және қаржылық құрылымдарға арналған ақшасын тартудың кәдімгі тәсілі. Алайда, бұл жағдайда банктің акцияларының жалпы бөлігін Әбіләзовтің өз компаниялары ҚР бақылаушы және қадағалаушы органдарынан құпия түрде әдейі сатып алған.
«Банктің капиталын жасанды жолмен өсірудің (капиталды «сору» - автордың ескертуі) нәтижесінде несие берушілердің, салымшылардың және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуші органдардың банктің табыстылығына деген көзқарасы дұрыс қалыптасып отырған. Жалпы қалыптасқан қағидат бойынша, несие берушілер мен салымшылардың дивидендтерінің көлемі олардың банкке салған салымдарының сомасынан жоғары болған»,- деп сөзін жалғады прокурор.
Осындай іс-әрекеттердің нәтижесінде акцияларға жасанды түрде сұраныс артып, олардың биржадағы өтімділігі қамтамасыз етілген. Басқаша айтқанда, қылмыстық топ банктің табыстылығы туралы ертегіге елді сендіре білген. Ал инвесторлардан алған ақша несиеге жұмсалады деген желеумен шетелдерге аударылған.
Қаржылық құйтырқылықтың нәтижесінде банктің капиталы 304,5 млрд. теңгеге өскен.
Банктен алған ақшаны оффшорлық компаниялар Әбіләзовтің өзіне бағынышты компаниялардың және ол құрған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің шетелдегі компанияларының есеп-шотына жіберіліп отырған. Өз кезегінде ол компаниялар «БТА банкі» АҚ-ның акцияларын сатып алған. М.Әбіләзов пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобы мүшелерінің толық бақылауында болған мұндай сызба түптеп келгенде «БТА банкі» АҚ-ның капиталының және активтерінің сапасының жасанды жолмен күрт өсуін қамтамасыз етіпті.
Ұйымдасқан қылмыстық желінің жетекшісі Әбіләзовтің жоғарыдағы қаржылық құйтырқылық әрекеттерінің нәтижесінде кең көлемдегі қылмыстық ойын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде ол заңсыз жолмен банкке тартылған ақшаны иеленеді.
Осылайша, Әбіләзов пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерінің белсенді іс-қимылдары нәтижесінде ақша жымқырудың көптеген фактісі орын алған. Ол қайтарымсыз қарыздар мен оны одан әрі заңдастыру жолымен іске асырылған.
Айыптау актісі оқылып болғаннан кейін, Әбіләзовтің бір сыбайласы толығымен өз кінәсін мойындады.
Атап айтарлығы, БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарына қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы осы жылдың 17 наурызында өткені мәлім. Сотқа Алматы қаласындағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Мартбек Кәкімжанов төрағалық етуде. Сотқа үш мемлекеттік айыптаушы және БТА банктің өкілі қатысып жатыр. Қылмыстық істің көлемі 2 224 томнан тұрады, айыптаушылар тізімінде 205 куәгер бар. Мұхтар Әбіләзовтің өзі сотқа келген жоқ, оның мүддесін мемлекет белгілеген қорғаушы Анжелика Әжіғұлова қорғайды.
Айта кетелік, алғашқы отырыста сотталушылар мен қорғаушылардың ешқайсысы қылмыстық істі бас фигуранттың қатысуынсыз қарауға қарсылық танытқан жоқ.