Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спорттық жарыстар өтті
АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге арналған этно-мәдени салт-дәстүрлер фестивалі аясында бүгін Алматыда мүмкіндігі шектеулі адамдар арасында спорттың бірнеше түрінен сайыстар өтті.
Шараны «Нұр Отан» ХДП-ның Әуезов аудандық филиалы мен осы ауданның әкімдігі және неміс этно-мәдени орталығы ұйымдастырып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандар әділ күресте толыққанды өмiрге деген өз құқықтарын дәлелдеп шыққты. Олар шахмат, тоғыз құмалақ, қолкүресі, жарыс, күймелерде жүру, жүгіру, теннис, дартс сынды спорттың сегіз түрінен сынға түсті.
Жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар әйелдер мен ерлер арасында анықталып, аудандық «Нұр Отан» филиалы атынан арнайы сыйлықтар мен мақтау қағаздарын иеленді.
«Нұр Отан» ХДП-ның Әуезов аудандық филиалының төрағасы Мұрат Омаровтың айтуынша, денінің сау болуы - адамның шынайы талпынысы. «Денсаулықтың сау болуы - бұл аурудың жоқтығы ғана емес, психологиялық, әлеуметтiк саулық. Сондықтан бүгінгі өткізіліп отырған шара жарымжан адамдардың жиналып, өз мүмкіндіктерін сезінудің және қоғамдық өмiрге белсендi қосылудың тағы бір мүмкіндігі болып отыр. Келген жандардың көбінің жүзіне қуаныш үйірілді, бұл әр қатысушының өз өмірінде негізгі жеңісті бағындырғандығының дәлелі», -дейді ол.
Жарыс аяқталысымен шараға қатысушылардың барлығы мерекелік дастарханға шақырылып, өзара әңгімелесулеріне мүмкіндіктері болды.