Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік шара өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шараға Бостандық, Түрксіб, Алатау, Медеу, Алмалы, Әуезов және Жетісу аудандарының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде тіркеуде тұрған 250-дей бала мен олардың ата-аналары қатысты. Оларға арналып еліміздің эстрада жұлдыздары мен би топтарының қатысуымен қайырымдылық концерті өтті. Барлық балаларға сыйлықтар табысталды.
«Бұл біздің бірінші шарамыз емес. 2007 жылы құрылған біздің қордың негізгі мақсаты - қайырымдылық шаралар атқару, қоғамның әлеуметтік жағдайын жақсартуға атсалысу, ұлттық әрі рухани құндылықтарды дәріптеу болғандықтан еліміздің келешегі, болашағымыз саналатын балалардың мерекесі де біздің назарымыздан тыс қалмайды. Біз осы шарамен шектеліп қана қоймай, ертең ол балаларға оқуға түсуіне, маман иесі болуына көмектесіп, жәрдем беріп отырамыз. Дарынды балаларды шет елде оқуға орналасуға көмек береміз. Біз жақында мүмкіндігі шектеулі зерек те, алғыр балалар үшін 75 орынды пансионат аштық, онда балалар тегін оқиды. Бұл шараларды атқарудағы мақсатымыз - балаларға бақыт беру, қуаныш сыйлау, толыққанды азамат болуына көмектесу, білім алуына, ертең еліне қызмет ететін жақсы азамат болуына ықпал ету», деді «Шұғыла» қоғамдық қорының президенті Мәулен Қалдыбек.