Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған киноапталық өтеді

АТЫ. 10 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда 10-17 наурыз аралығында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған "ТЕҢ негіздегі киноапталық" өтеді.

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған  киноапталық өтеді

Бұл туралы бүгін Алматыда өткен арнайы баспасөз мәслихатында аталмыш шараның ұйымдастырушылары мәлім етті.

Жобаның үйлестірушісі Нұрсұлтан Белқожаевтың айтуынша, бұл шара мүгедек адамдардың демалыс орындарына қолжетімділігі проблемасына жұртшылықтың назар аударуға бағытталған. «7 күн ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар оңтүстік астананың 15 кинотеатрына тегін бара алады, оның ішінде: Kinopark 4 ("Глобус"), Kinopark 6 ("Спутник"), "Арман", Star Cinema (Mega), Star Cinema (Prime Plaza), Cinema Towers, "Цезарь", Star Cinema (City+), Promenade, "Сарыарқа", Star Cinema (Aport), Silkway City, Nomad, "Искра" кинотеатрлары бар. Жүруге қиналатын адамдар үшін инва-такси арнайы жұмыс істейтін болады. Олар 328 13 91 телефонына қоңырау соғып тегін шақырта алады. Бір таксиге 3 арба сыяды. Бір аптаның ішінде 500-ден аса осындай жандарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Біз сонымен қатар, акция аясында зерттеу жүргізіп, олардың алдында кинотеатрға баруға қандай кедергілер бар екендігін анықтап, оның шешімін табуды қолға алғалы отырмыз. Өйткені, ондай жандар көп жағдайда кинотеатрларға, жалпы қоғамдық орындарға бара бермейді. Біз сондықтан ондай өмір сүру дағдысын өзгертіп, қоғамдық орындарға шығу толыққанды адамдар ретінде мүмкін екендігін жеткізіп, жағдай жасап, кедергілерді жоймақпыз. Сонымен қатар, жобаның қорытындысы бойынша біз мүмкіндігі шектеулі адамдардың кинотеатрларға баруын ынталандыратын ұсыныстар жасамақпыз», - деді ол. Оның айтуынша, қаладағы 6 кинотеатрда мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдайлар жасалған. Сондықтан ондай жандар өздері, біреудің көмегінсіз бара алады.

«Аржан» қоғамдық қорының жетекшісі Қасиет Омарованың айтуынша, қоғамдық орындарға қолжетімділік мәселесі немқұрайды қарамайтын адамдар арасында қызу талқыланады. «Өкінішке қарай, қазіргі уақытта кейбіреулерінде болмаса кинозалдарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жағдай жасалмаған. Арнайы отыратын орындар, пандус, лифт және дәретхана жоқ. Дегенмен, көптеген кинотеатрлар бұл бастаманы қолдауда, яғни, бұл қатысушы компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігінің бар екендігін көрсетіп отыр. Біз жобадан соң кинотеатрлардың қолжетімділігі сапасының өзгеретіндігіне үміттенеміз", - деді ол.

"ТЕҢ негіздегі киноапталық" акциясының ресми ашылуы бүгін «Глобус» кинотеатрында сағат 19:00-де өтеді. Апталық бүгінгі заманғы фильмдердің ең үздігі болып табылатын «Жеркепеден шыққан миллионер» фильмімен ашылады. Оған кинотанушылар және қазақстандық киножұлдыздар қатыспақ. Апталықты танымал қазақстандық киносыншы Олег Борецкий ашады.

Акцияның ұйымдастырушылары - «Аржан» қоғамдық қоры, «Жолашардың» волонтерлер тобы, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының (КИМЭП) студенттері, "Сорос-Қазақстан" қоры, Олег Борецкий киноклубы және Ержан Тәтішев қоры стипендиаттары клубы.