09:54, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін арнайы көліктер жүретін болады
АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін арнайы көліктер жүретін болады.
«Қалалық жолаушылар тасымалы» АҚ сәуір айынан бастап жаңа әлеуметтік бағыттар іске қосылатындығын мәлім етті және осыған орай тендер жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жергілікті бюджеттен былтырғы жылы бөлінген 64 млн. теңгеге алты автобус алынады. Бұл жайында Алматы мәслихатында өткен тыңдауда қалалық еңбек және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Амангелді Нұрланов айтты. Оның баяндауынша, мүгедектерді оңалту бағдарламасы аяқталып, қазіргі күні жаңа бағдарлама әзірленді. Биылғы жылдың бағдарламасына қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне, зағип жандарға, 18 жасқа дейінгі кемтар балаларға тегін жүретін көліктер беру туралы ұсыныс та енген. Бұл үшін 60 млн. теңге көлемінде қаржы қажет екен. Депутаттар бастаманы қолдап отыр, сондай-ақ, олар жол ақысыз жүріп-тұрудың орнына осы қаржы есебінен аталған санаттағы тұрғындарға ақшалай жәрдем көрсетуге ұсыныс тастады. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы көліктер бөлу мәселесі Алматыда бұған дейін де көтеріліп келген болатын. Қала басшылығы бірнеше такси сатып алып, оларды аудандық денсаулық сақтау мекемелеріне бекітіп қоюға кеңес берді. Осы арқылы мүгедек жандар оларды шақыртып алып, емханаға жете алар еді. «Сондықтан бұл мәселенің қазіргі уақытта, яғни дағдарыс кезінде шешімін табуы қуантарлық жағдай», дейді депутаттық тыңдауға қатысушылар.