Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек ұйымдастыру мәселелері талқыланды
АЛМАТЫ. 3 наурыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек ұйымдастыру проблемалары» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті.
Онда мүмкіндігі шектеулі жандардың репродуктивтік денсаулығы мен отбасын жоспарлау мүмкіндігін қамтамасыз ету, перзентханалық мекемелерде медициналық көмек көрсету деңгейі мен мүгедектігі бар қыз-келіншектердің репродуктивтік құқық сауалдары талқыланды.
Жиында Қазақстанда мүмкіндіктері шектеулі адамдарды әлеуметтік қолдау мен қорғау, оларды экономикалық, саяси және басқа да құқықтары мен еркіндіктерін жүзеге асыруда тең дәрежеде қамтамасыз ету еліміздің Конституциясымен және басқа да нормативтік-құқықтық құжаттармен кепілдендірілген деп айтылды. "Бірақ, әлі де білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау мен медициналық сауықтыру, қоғамдағы интеграциясы, өмір сапасы, репродуктивтік денсаулық саласында шешуін таппаған мәселелер көптеп кездеседі. Ондай адамдардың өмірін жеңілдетуге арналған, қоғамдық және өндірістік ғимараттарға, әлеуметтік нысандарға жететін-кіретін жолдар, пандустар, жаяу өткіншіктер, арнайы бағдаршамдар, мүгедектер арбасы үшін қондырғылар және тағы да басқа да көптеген құрылғылар жоқ. Кемелденген қоғамда мұндай мәселелердің орын алып отырғандығы ойланатын мәселе", -деді Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары Ұлттық Орталығының директоры Сәуле Диқанбаева.
Оның айтуынша, еліміздің Мемлекеттік "Салауатты Қазақстан" бағдарламасында ведомствоаралық және сектораралық әрекеттестікті ескере отырып іс-шаралардың орындалуын заңнамалық, инвестициялық, экономикалық, кадрлық қамтамасыз ету шаралары қарастырылған. Олар - мүмкіндігі шектеулі жандарды скринингтік қарап-тексеру, әлеуметтік маңызды аурулары бар пациенттердің мониторингін жетілдіру, ақпараттық ағартушылық материалдарды Брайл тілінде шығару, денсаулықты қорғау мен нығайту бойынша телебағдарламалар мен бейнероликтерді, дәрістік фильмдерді сурдоаударыммен дайындау.
Дөңгелек үстелде Қазақстанда мүгедектік статусы бар 448,6 мың адам өмір сүретіндігі, олар тұрғындардың жалпы санының шамамен 3 пайызын құрайтындығы айтылды. Қатысушылардың айтуынша, олардың көбісі еңбекке қабілетті жастағы кісілер, ал олардың 17,5 пайызы - балалар. 16 жастан асқан 20 мыңдай адам жанарынан айырылғандар, 19 мың адам - кереңдікке ұшырағандар.
Жиынға қатысушылар жұмыс соңында 2020 жылға дейін мүгедектер жағдайын жақсарту бойынша Ұлттық әрекет етуде енгізілетін жоспарға өз пікірлерін білдіріп, Денсаулық сақтау министрлігіне бағытталған "Мүмкіндігі шектеулі жандардың репродуктивтік құқығы" резалюциясын қабылдады.