Алматыда мұнайгазөңдеу және мұнай химиясы саласындағы жаңа техникалар мен технологиялар туралы дәстүрлі халықаралық конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Мұнайгазөңдеу және мұнай химиясы саласындағы жаңа техникалар мен технологиялар» деген тақырыпта 4-ші халықаралық конференция өтіп жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оны қазақстандық «Caspian Business Events» компаниясы ұйымдастырды. Бұл шараға ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрілігі, «KazEnergy» қауымдастығы, Ресей мұнайгазөңдеушілер мен мұнай химиктері қауымдастығы және Алматы қаласы мен Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері де қолдау көрсетіп отыр. «Қазір бүкіл әлемде экономикалық дағдарыс жалғасуда. Бұл Елбасы Жолдауында айтылғандай дағдарысты еңсеру ғана емес, Қазақстанның болашақтағы дамуы үшін негіз қалау уақыты. Осы жағдайда біз пайдалы қазбаларды өңдеуде үлкен қорды көріп отырмыз. Бұл ең алдымен мұнай химиясы мен мұнай өңдеу салаларында. Президент тапсырмасымен Үкімет осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Көптеген жобалар 30 корпоративтік көшбасшы бағдарламасына енгізіліп отыр. Белгілі бір деңгейде оларды Үкімет тарапынан қаржыландыру мен қолдау көрсету де қарастырылуда. Сондай-ақ мұнай химиясы саласында Атырау облысында арнайы экономикалық аймақ кешені құрылды», дейді ҚР Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Әсет Мағауов. Оның айтуынша, алқалы бұл жиынның басты мақсаты Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды айту және қатысушылар арасында іскерлік қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік тудыру болып отыр.