Алматыда мүсінші Еркін Мергеновтың "Еркіндік" атты мерейтойлық көрмесі ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмеге суретшінің осы уақытқа дейінгі барлық туындылары қойылған.
«Мүсінші Еркін Мергенов біздің заманымыздың, еліміздің өнерін дәріптейтін мәдениет қайраткерлерінің бірі. Оның жұмыстары әлемнің көптеген елдерінде танымал. Ресейдің Третьяков галереясындағы, Прибалтика, Қырғыз, АҚШ, Венгрия, Германия мұражайларындағы, Еуропа және Азия елдеріндегі жеке коллекциялардағы Еркін Мергеновтың шығармалары қазіргі заманғы танымал шебер екендігінің куәсі. Оның шығармашылығы ұлттық рухты, сондай-ақ қазақстандық бейнелеу өнеріне жаңа бағыттар алып келуде», дейді өнертанушылар.
Көрме мамыр айының 30-на дейін жалғасады.
Еркін Мергенов - Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Оған 1992 жылы ҚР халық суретшісі атағы берілді. 2002 жылы «Платиналы Тарлан» сыйлығының бірінші лауреаты атанды. Сол жылы Ресейде «өнерде жаңа стильдер мен бағыттарды қалыптастырғаны үшін» - А.С.Пушкин атындағы үлкен Алтын медальмен марапатталған. 2009 жылы суретші туралы «Имена в искусстве» сериясында монография жарық көрді. Өткен жылы суретшінің жұмысы Нью-колледждың (Оксфорд. Ұлыбритания) коллекцияларын толықтырған болатын. Бүгінде Еркін Мергенов Т.Жүргенов атындағы Өнер академияның аға оқытушысы, сурет кафедрасының меңгерушісі.