Алматыда музыкалық аспаптар көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда «ҚР Орталық мемлекеттік мұражай қорындағы музыкалық аспаптар» деп аталатын көрме ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Саз аспаптары қолданылу ерекшелігіне байланысты бірнеше топқа бөлінген. Олардың Ішекті музыка аспаптарына шертіп ойналатындары - домбыра, жетіген, шертер, ысқышпен ойналатын ? қылқобыз, сым тілшелі ? шаңқобыз. Ал үрлемелі аспаптарға сыбызғы, сазсырнай, үскірік, тастауық, мүйізсырнай жатады. Дабылды-соқпалы және шулы-сылдырлы аспаптар ? дабыл, дауылпаз, шыңдауыл, шың, кепшік, даңғыра, дудыға, тұяқтас, сақпан, асатаяқ, сылдырмақ, қоңырау, тоқылдақ. Көрмедегі жәдігерлердің қатарында 19-шы ғасырдың ортасынан бергі кезеңдегі аспаптармен қатар, қазақ тарихы мен мәдениетіне зор үлес қосқан тарихи тұлғалардың тұтынған музыкалық астаптары да бар. Атап айтқанда, арасында Жаяу Мұса, Абайдың әйелі Ділдә, Әліби Жангелдин, Әміре Қашаубаев, Қаныш Сәтбаев, Қасым Аманжолов сияқты тарихи тұлғалар мен өнер қайраткерлерінің жеке бұйымдары қойылып отыр. Көрмені қала тұрғындары мен қонақтары бір ай бойы тамашалай алады.