15:06, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда музыкалық «Роял» тобы құрылды
АЛМАТЫ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Республика сарайында өткен «Сағындырған әндер-ай» деп аталатын ретро әндер телефестивалінде Алматыда құрылған «Роял» деп аталатын музыкалық жаңа топтың тұсауы кесілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Әлия, Әсел және Жансая есімді үш қыздан құрылған бұл топ сахнаға Ахмет Жұбановтың «Ақ көгершін» әнімен шықты. Жобаның авторы және ұйымдастырушысы «Майра» продюсерлік орталығының жетекшісі, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова. «Сыңғырлаған әсем үнді және көркі көз тойғысыз қазақ қыздарынан тұратын жаңа топ құру туралы идея мені көптен бері мазалап жүрген болатын. Әлия мен Әсел менің мектебімде жұмыс істейді. Ал Жансая Қазақтың Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының драма бөлімінде оқиды. Құранда кездесетін роял деген бұл атау жұмақтың қақпасы деген мағынаны білдіреді», - дейді Майра Ілиясова. Бұл қазіргі таңда «Майра» продюсерлік орталығында жұмыс жасайтын қазақ әншілерінен құрылған екінші топ. Құрылғанына бір жылдай болған «Серілер» тобы соңғы жарты жылдың ішінде өздерінің қалауымен М. Ілиясованы жетекші қып таңдап алған болатын. «Терме-толғауларды нақышына келтіріп орындап жүрген 3 жігіттен тұратын бұл топ қазіргі таңда мақсаты мен бағыт-бағдары айқын өнер ұжымына айналды. Бұйыртса, енді олардың жолын «Роял» жалғастыратын болады», - дейді М. Ілиясова.