Алматыда мың адам кәсіптік оқыту бойынша білім алады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 1 мың адамды кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы мансап орталығының басшысы Әділет Жаңабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің сөзінше, кәсіптік оқуға жіберілетіндердің ішінде 687 адам - білім беру ұйымдарына, 313 жұмыссыз адам - жұмыс берушілердің жұмыс орнына кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда. Кәсіптік оқыту ұзақтығы 3 айдан аспайды.
«Биыл 26 сәуірдегі өңірлік комиссия отырысында білім беру ұйымдарында кәсіптік оқытуға 18 мамандық бойынша 42 жұмыс берушінің тізімі бекітілді. Яғни 687 орын. Жұмыссыздарды жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіптік оқытуды ұйымдастыру үшін 12 мамандық бойынша 13 жұмыс берушінің тізімі, 313 орынға бекітілді», - деді Ә. Жаңабаев.Аталған кәсіптік оқыту түрлері бойынша 2023 жылға бір адамға оқыту құны 50 мың теңге мөлшерінде бекітілді. Кәсіптік оқуға жіберілген қатысушылармен әлеуметтік келісімшарт жасалады және оқу кезеңінде 21 787 теңге мөлшерінде шәкіртақы төленеді.
Жұмыссыздарды жұмыс берушілердің жұмыс орнында кәсіби оқыту бойынша қатысушылармен еңбек шарты жасалады және ай сайын мансап орталығы салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны, банктік қызметтерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде жалақы төлейді.
«Жасалған әлеуметтік келісімшарт және еңбек шарты шеңберінде оқуды сәтті аяқтаған соң, жұмыс берушілер жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Бүгінгі таңда Мансап орталығына 400-ден астам жұмыссыз оқуға өтінім қалдырып, оқуға жіберілді. Келешекте үміткерлердің өтініш жасауына қарай тізім кеңейтілетін болады және кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілетін болады», - деді спикер.
Айта кетейік, барлық сұрақтар бойынша Достық даңғылы, 85, «Әлеуметтік қызметтер үйі» мекенжайы, немесе 310-47-82 бірыңғай телефон нөмірі арқылы білуге болады. Сондай-ақ, толығырақ ақпаратпен мансап орталығының әлеуметтік желілерінде @ctm_almaty танысуға болады.