Алматыда Нағашыбек Қапалбекұлының шығармашылық кеші өтті
АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы 60 жасқа толды. Кеше кешкісін Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда мерейтойға арналған «Атадан - қасиет, бабадан - өсиет» атты шығармашылық кеш өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нағашыбек Қапалбекұлы 1950 жылғы наурыздың 16-сында Алматы облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» газетінде корректор болып бастаған ол кейін осы газеттің бас редакторы болады. Жамбыл, Қарасай аудандық ДОСААФ комитетінің төрағасы, халықаралық Жамбыл қорының бас директоры, республикалық Қарасай қорының директоры, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының директоры қызметін атқарады. 2000 жылдан бері Республикалық кітап мұражайының директоры. 30-ға жуық кітаптың авторы. Олардың ішінде «Қарасай, Қарасай», «Жамбыл ата», «Киесі-қызыл жолбарыс», сондай-ақ Сарыбай би Айдосұлы, Мақыш балуан Райымбекұлы туралы кітаптары оқырманның кең ықыласына бөленген. Бірнеше деректі фильмдердің авторы. Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Халықаралық экология академиясының академигі, Қонаев атындағы университет пен экономика және статистика академиясының профессоры.
Кеш барысында мерейтой иесін әріптестері, ақын-жазушылар, туыстары құттықтады.Сондай-ақ кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды.