«Алматыда нан 540 теңгеден сатылуда» - әкімдік басқармасы түсінік берді
Видео авторының айтуынша, «Столичный» дүкенінде нан бағасы 505-540 теңге аралығында сатылып жатыр.
«Әлеуметтік желілердегі бейнежазбада көрсетіліп жатқан нанның түрі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кірмейді. Сәйкесінше, жергілікті атқарушы органдар тарапынан оның бағасын реттеуге жатпайды», - деп жауап берді басқарма өкілдері.
Ведомство мәліметінше, ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 қаулысына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауының тізбесіне 1-сұрыпты ұннан қалыпта пісірілетін нан немесе «әлеуметтік нан» деп аталатын нан кіреді. Бүгінде, зауыттардың әлеуметтік нанға белгілеп отырған сату бағасы жеткізу шарттарына байланысты бір бөлкесі үшін 80 – 100 теңге аралығында. Заңнамамен рұқсат етілген сауда үстемесі (15%) ескеріле отырып, сөредегі бағасы бір бөлке нан үшін 90 – 110 теңге.
Айта кетейік, алматылықтар күніне 160 тонна нан тұтынады. Аталған қажеттілік «Ақсайнан», «Алматынан», «Рузинан» және тағы басқа зауыттан жеткізу есебінен қамтамасыз етіледі.
Бүгінде аталған наубайханалар толық қуатында жұмыс істеп тұр. Өнімді сату жасасқан шарттар мен қаланың сауда нысандарынан келіп түсетін тапсырыстардың негізінде жүзеге асырылады.
«Сонымен қатар әлеуметтік нанның өзіндік құнын төмендету және негізгі шикізатпен (1 сұрыпты ұнмен) қамтамасыз ету үшін, 2022 жылы басқарма бір тоннасы үшін 90 мың теңгеге сатып алынатын 25,1 мың тонна астықтың жеткізілімін ұйымдастырды. Бұл ұнның бір келісі үшін 135 теңгені құрайтын тұрақты бағасын қамтамасыз етті»,- деп хабарлады Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы.
Мәлім етілгендей, биыл да ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ қорынан астықтың осындай жеткізілімдерін ұйымдастыру бойынша жұмыс жалғасуда.