Алматыда нәрестелерді дұрыс тамақтандыра білудің көкейтесті мәселелері талқыланды

АЛМАТЫ. 28 наурыз. ҚазАқпарат  - Бүгін Алматыда "Нәрестелерді тамақтандырудағы көкейтесті мәселелер" деген тақырыпта конференция болып өтті.

Алматыда нәрестелерді дұрыс тамақтандыра білудің көкейтесті мәселелері талқыланды

Аталмыш шара Nestle компаниясының жүзеге асырып жатқан "Сәбидің саулығы - алғашқы күннен"  деп аталатын бағдарлама шеңберінде өткізілді. 

«Қазақстанда дұрыс тамақтанбау салдарынан бір жасқа толмаған балалардың денсаулығы жиі сыр беріп жатады. Бүгінгі конференция осы өзекті мәселеге арналады», - дейді шараның ұйымдастырушылары. 

Конференция жұмысына  Қазақстандағы танымал нутрициолог-дәрігер, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті тағамтану кафедрасының доценті  Светлана Ахметова, сондай-ақ, 200-ден астам бала дәрігерлері қатысты. 

«Біздің компания әлемде ана мен баланың тамақтану мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келе жатқан компаниялардың бірі болып табылады. Біз бала үшін ана сүтінің табиғат сыйлаған баға жетпес қорек екендігіне шүбә келтірмейміз және ата-аналардың дені сау ұрпақ тәрбиелеуіне көмектесу үшін барымызды салып келеміз. Бүгінгі таңда ата-аналарға салауатты ұрпақ тәрбиелеу, оларды дұрыс тамақтандыру жөнінде ақыл-кеңестер ауадай қажет. Олар ана сүтінің артықшылықтарын ұғынып, балаларының дұрыс тамақтануына жағдай жасауы тиіс», -деді конференция барысында  Нестле компаниясы Еуразия аймағындағы бөлімшесінің жетекшісі Дәрия Айтмұқанова.  

Қарағанды мемлекеттік медицина университеті тағамтану кафедрасының доценті, нутрициолог-дәрігер Светлана Ахметова: «Балаға қажеттінің бәрін, барлық дәрумендер мен пайдалы заттарды "таза" күйінде ана сүтінен ғана табуға болды. Ана сүті туғаннан кейін баланың 6 ай бойы дұрыс және толыққанды тамақтануын қамтамасыз ете алады. Бірақ, өкінішке орай өмірде баланы табиғи жолмен қоректендіруге мүмкіндік болмай қалып жататын кездер де аз кездеспейді»,- деді. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, "Сәбидің саулығы - алғашқы күннен"  деп аталатын бағдарламаның американдық нұсқасы - Nestle Start Healthy, Stay Healthy бағдарламасы 2004 жылы Gerber брендінің бастамасымен әзірленген.  Бағдарламаны іске асыру барысында ғалымдар мен медицина саласындағы мамандар ата-аналар арасында сауалнама жүргізіп, сәбилерді тамақтандырудың өзекті проблемаларын анықтаған. Сауалнама сондай-ақ, жас нәрестелер рационының дұрыс есептелмейтінін және ата-аналардың балалар тағамына немқұрайлы қарайтынын көрсетіп берген. "Сәбидің саулығы - алғашқы күннен"  бағдарламасының тұжырымдамасына сүйенсек, дұрыс тамақтану дағдысы бала тумай тұрып, яғни жүктілік кезінде қалыптасады. Сондықтан да онда жүкті әйелдердің тамақтануына қатысты ақыл-кеңестер топтастырылып,  баланың дұрыс өсіп-жетілуі үшін маңызды тағам түрлері туралы толық сипаттама берілген. 

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 6 айға толмаған сәбилердің 32 пайызы ғана тек ана сүтімен қоректенеді екен. Бір жасқа дейінгі сәбилер арасында тек ана сүтімен қоректенетіндер саны 51 пайызды (2006 жылы 57% болатын), ал 2 жасқа дейінгі балалар арасында - 26 пайызды (2006 - 16%) құрайды. Нәрестелердің 48 пайызы 6-8 айында қатты, жартылай жұмсақ және жұмсақ тағамдарды жей бастайды. «Сәби ағзасына бейімделмеген тағамдармен қоректенетін балалардың бойында аллергиялық реакция жиі байқалады. Ал ана сүті демікпе, атопикалық дерматит, отит, ас қорыту жолдары және өзге де сырқаттардың алдын алуға көмектеседі», - дейді мамандар. 

Бүгінде көпшілік арасында 6 айдан кейін балаларға "үлкендер жейтін тағамдарды" берген пайдалы деген пікір қалыптасқан. Мамандар болса, 12 айға дейін балалар негізінен ана сүтімен қоректенуі тиіс деген ортақ пікірге келіп отыр. Өйткені, ана сүті баланың иммунитетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.