Алматыда науқастармен байланыста болған 2 адамнан коронавирус анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат –Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова коронавируске шалдығудың жаңадан анықталған жағдайлары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда науқастармен байланыста болған 2 адамнан коронавирус анықталды

Айта кетейік, 9 сәуірдің осы уақытына дейін Қазақстанда індетті жаңадан жұқтырған 37 адам тiркелді. Оның ішінде 2 адам Алматы қаласында анықталды.

«Коронавирус жұқтырған соңғы 2 науқасқа келер болсақ, бір адам Санкт-Петербургтен келген науқаспен байланыста болған. Екіншісі де ауырған адаммен қарым-қатынас жасаған. Бүгінгі күні қалада стационарлық карантинде 877 науқас, үйдегі карантинде 5 217 адам бар. Жұқпалы аурулар ауруханасында 211 адам, провизорлық стационарда 301 адам, карантин госпиталінде 388 адам жатыр», - деді Айзат Молдақасымова онлайн-брифинг барысында.

Сонымен қатар, ол Алматыда карантин режимі енгізілгеннен бері коронавирусты жұқтыру саны төмендегенін атап өтті.

Соңғы ресми деректерге сәйкес, Алматыда COVID-19 жұқтырғандардың саны - 121.