Алматыда "Наурыз - мәдениет пен өркениетті жақындастыру нышаны" атты тақырыпта "дөңгелек үстел" болып өтті

АЛМАТЫ. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін Алматыда наурыз мейрамына арналған "Наурыз - мәдениет пен өркениетті жақындастыру нышаны" атты тақырыпта "дөңгелек үстел" отырысы болып өтті,

Алматыда  "Наурыз - мәдениет пен өркениетті жақындастыру нышаны" атты тақырыпта "дөңгелек үстел"  болып өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық Бизнес университеті, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясы және «Этнос форум» қорының ұйымдастыруымен өткен отырыс жұмысына БҰҰ, ЕҚЫҰ, Ресей, АҚШ, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Испания, Иран, Корея, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия және тағы да басқа Қазақстандағы шет ел елшіліктерінің өкілдері, Алматы қаласының әкімшілігі, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қатысты.

Жиын барысында халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық өкілдіктердің жетекшілері жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, биылғы жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Наурызды халықаралық мереке деп жариялағанын атап өтті. Қатысушылар «Халықаралық бірлестіктің мұндай қадамы халықтар арасындағы диалогтың дамуына ықпал етіп, әлемнің қауіпсіздігі мен оның тұрақты түрде қалыптасуына үлкен үлес қосты», деді. Олардың айтуынша, БҰҰ - ның бұл шешімі шығыс халықтарының ұзақ ғасырлық тарихы бар дәстүрін сыйлағандығын көрсетеді.

«Биыл Наурыз мерекесі әлемдік деңгейде атап өтіледі. БҰҰ-ның Наурызды Халықаралық мереке деп жариялап, қарар қабылдауы - Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азия халықтары үшін де үлкен қуаныш. Наурыз мерекесі - табиғаттың жаңару кезі ғана емес, алауыздық пен жаугершілікті тоқтататын, адамдарды бірлікке, достастыққа шақыратын мереке», деді «Түркия» қоғамдық бірлестігінің өкілі Қазақбай Қасымов.

Дөңгелек үстел отырысы барысында сондай-ақ Наурыз мейрамының рөлі, ұлттық мерекелердің жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі маңызы, жаһандану үдерісінде мәдениетті сақтау, бүгінгі әлем жағдайында мәдениеттердің қарым-қатынасы мен байланысы, полиэтностық және мультимәдениетті қоғамдағы мемлекеттің саясаты талқыланып, жиын соңында үндеу қабылданды.