Алматыда Наурыз мерекесіне арналған көрме ашылады
АЛМАТЫ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Алматыда ҚР Мемлекеттік орталық мұражайда 16 наурыз күні Наурыз мерекесіне арналған «Наурыз нақыштары» атты көрме ашылады.
Көрмеге Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің 120 астам авторлық жұмыстары, жеке коллекциялары, қазақ халқының тарихынан, мәдениетінен, салт-дәстүрі мен тұрмысынан сыр шертетін гобелен, ағаш, қыш, киізден жасалған туындылар, сондай-ақ, кескіндемелік суреттер мен мүсіндер қойылатын болады.
Келушілер назарына «Жәдігерліктер дүкені» антикварлық салоны алғаш рет ұлы шебер, қазақтың бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің көпшілікке белгісіз жұмыстарын қойып, тұңғыш рет көрме қонақтарына танысуға мүмкіндік бермек. Ал «Антиквар» салоны көрмеге грузин суретшісі Кандарели Гиви Луарсабовичтің (1933-2006) «Жылқыға құрақ салу», «Жайлаудағы бақташы», «Қыз қуу» атты гобелендерін, сонымен қатар, ресейлік суретшілер, Ленинград кескіндеме мектебінің жарқын өкілдері Альберт Белявский мен Владислав Леванттың (1931-1978) «Баянауыл. Бәйге» және «Баянауыл» атты жұмыстарын ұсынбақ. Сондай-ақ, көрмеге қатысатын «Antika» салоны қазіргі заманғы қазақстандық суретшілердің мүсіндік және кескіндеме туындыларын ұсынатын болады.
Шара барысында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының фольклорлық-этнографиялық тобы өнер көрсетіп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен О. Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі сән киімдері үлгілерін көрсететін болады.