Алматыда «Назар аударыңыз - балалар!» атты шара өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда «Назар аударыңыз - балалар!» атты шара өтіп жатыр. Оның мақсаты - балаларды жол-көлік апатынан, балалар өмірі мен денсаулығын сақтау, қала жолдарындағы жағдайды тұрақтандыру болып табылады. Акция қыркүйектің 9-на дейін өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 202 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Онда төрт бала көз жұмса, 206 бала әр түрлі дене жарақатын алған.
«Жол-көлік оқиғасына көбіне 7 жас пен 14 жас аралығындағы балалар ұшырауда. Қазіргі уақытта жол полиция қызметкерлері көшеге жақын жерлерге орналасқан қаланың 180 мектебін тексеруде. Мектеп маңындағы көшелерде тиісті жол белгілерінің бар-жоғы анықталуда», деді Алматы қаласының Жол полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Арман Сарбасов. Оның айтуынша, акция барысында жол полициясының құрамы жүргізушілер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізітін болады және БАҚ құралдары арқылы насихат жұмыстарымен қатар, алдын алуға арналған парақшалар таратады.
"Сонымен қатар, әр шолғыншы көлік арнайы насихаттауға арналған дискті қою арқылы барлық көлік жүргізушілерін жол ережелерін сақтауға шақыратын болады. Ол ең алдымен мектеп маңынан абайлап өтуге, жаяу жүргінші жолында ерекше назар аударуға бағытталған. Біз сондықтан, барлық көлік жүргізушілерін жүру барысында көлік жарығын қосып жүруге шақырамыз", деді Арман Сарбасов.