Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің 85 жылдығына арналған концерт өтті

АЛМАТЫ. Сәуірдің 6-сы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Кеше Алматыда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 85 жылдығына және Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған, Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің «Нұрғисаның сағындырған әндері-ай» деп аталатын концерті болып өтті,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдениет министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және Н.Тілендиев атындағы халықаралық қордың ұйымдастыруымен өткен концертте еліміздің халық әртістері Майгүл Қазтұрғанова, Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Жәмила Баспақова, Ермек Әбілдаев, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Дина Хамзина, Н.Тілендиев атындағы байқаудың жеңімпазы Мұрагер Сауранбаев және тағы басқа әншілер ұлы тұлғаның әндерін орындап, әнмен шашу шашты. Сонымен қатар, концерт барысында халық күйлері, Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», «Көш керуен», «Нұрсұлтан», «Аққу», «Ұлы той» және тағы да басқа қайталанбас күйлері орындалды. Аталмыш концерт Нұрғиса Тілендиевтің қызы Динара Тлендиеваның көркемдік жетекшілігімен өтті.

«Бүгін нағыз халықтық классикалық музыка мерекесі болды. Н.Тілендиев әрқашан халықты жақсы түсініп, жан дүниесін музыкамен жеткізе білген дарынды тұлға. Оның әр туындысы өзіндік ерекше мәнге ие», деді оркестрдің дирижеры, халықаралық байқаулардың лауреаты Юрий Дороховский.

Нұрғиса Атабайұлы Қазақтың «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық халық музыкалық аспаптары оркестрін 1980 жылы Қазақ филармониясы жанынан ұйымдастырған болатын. Оркестрдің репертуарында халық күйлері, халық композиторлары және осы заманғы қазақ сазгерлерінің шығармалары бар.

Соңғы жаңалықтар