Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің кітаптары мен ол туралы естеліктер жинағының таныстырылымы өтеді
Аса талантты композитор, Халық қаһарманының қолынан шыққан туындылары мен шығармалары, ол туралы естеліктер жинақталған кітаптар жұртшылық назарына ҚР Мәдениет министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына тарту ретінде ұсынылып отыр.
«Кітаптар Елбасы, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында, дәстүрлі музыка мәдениетімізді ұрпаққа жеткізу мақсатымен шығарылды»,- дейді кітаптарды құрастырушы Дариға Тілендікеліні.
Тұсаукесер рәсіміне кітап авторлары Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, композитор Дариға Тілендікеліні, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жарқын Шәкерім, белгілі қоғам және өнер қайраткерлері қатысады. Шара соңында филармонияның үлкен залында Динара Тілендиеваның дирижерлығымен Н. Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестірінің концерті өтеді.