Алматыда Нұрғиса Тілендиевтің туған күніне арналған концерт өтеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 3-і күні Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің концерті өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында өтетін бұл концерт КСРО-ның және Қазақстанның халық артисі, Халық қаһарманы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сазгер Нұрғиса Тілендиевтің туған күніне арналып отыр. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жамағат Темірғалиев, дирижері - Динара Тілендиева. Оған ҚР халық артисі Нұрғали Нүсіпжанов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Жәмила Баспақова (сопрано), ҚР еңбек сіңірген артисі Ермек Әбілдаев (тенор), халықаралық және республикалық байқаулардың жүлдегерлері Нүркен Әшіров (домбыра), Гүлзия Стамбек (қобыз) пен Ақбөпе Әбілбекова (саз сырнай) қатысады. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Марал Мұхамедқалиева жүргізетін бұл концертте Н. Тілендиевтің шығармалары орындалады.Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы сәуірдің 1-інде Алматы облысының Іле ауданындағы Шилікемер ауылына дүниеге келіп, 1998 жылы қазанның 15-і күні дүниеден озған болатын. Алматы (1949-1950) және Мәскеу (1950-1952) консерваториясының түлегі, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, сазгер, дирижер, домбырашы Н. Тілендиев 1952-1961 жылдары Қазақ академиялық опера және балет театрының дирижері болды. 1960-1964 жылдары Қазақтың академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері, 1968-1981 жылдары «Қазақфильм» киностудиясы музыкалық редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарды. Ал 1981 жылдан өмірінің соңына дейін өзі ұйымдастырған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблін басқарды. Ол «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, «Достық жолымен» балетінің, «Аспан таулар» операсының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Алтын дән», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен» поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» увертюраларының және 400-ден астам ән, романстардың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымдарға, 19 көркем фильмге, 17 мультфильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды. Нұрғиса Тілендиевтің ерен еңбегі үкімет тарапынан бағаланып «Отан» орденімен, екі рет Еңбек Қызыл ту орденімен және түрлі медальдармен марапатталды. Сонымен қатар 1975 жылы Қазақстан халық артисі, 1978 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, 1984 жылы ? КСРО халық артисі, 1995 жылы Алматы консерваториясының профессоры, 1998 жылы Қазақстанның Халық қаһарманы атанып, есімі 1999 жылы Алматы қаласында көшеге және 2000 жылы «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне беріліп, тұрған үйіне мемориалдық тақта қойылды.