Алматыда «Нұрғисаның сағындырған әндері-ай» деп аталатын концерт өтеді
АЛМАТЫ. Наурыздың 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 5-і күні Қазақтың Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің «Нұрғисаның сағындырған әндері-ай» деп аталатын концерті болады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында өтетін бұл шара Қазақстанның және КСРО-ның халық артисі, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 85 жылдығына және Жеңістің 65 жылдығына арналып отыр. Оған Қазақстанның халық артистері Майгүл Қазтұрғанова, Сара Тыныштығұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Жәмила Баспақова, Ермек Әбілдаев, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Дина Хамзина, Н.Тілендиев атындағы байқаудың жеңімпазы Мұрагер Сауранбаев және тағы басқа әншілер қатысады. Оны - Мәдениет министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және Н.Тілендиев атындағы халықаралық қор ұйымдастырып отыр.
Нұрғиса Атабайұлы Қазақтың «Отырар сазы» академиялық фольклорлы-этнографиялық халық музыкалық аспаптары оркестрін 1980 жылы Қазақ филармониясы жанынан ұйымдастырған болатын. Алғаш шағын ансамбль ретінде жұмыс істеп, 1982 жылы оркестрге айналды. Ондағы қос ішекті, үш ішекті, шанақты және шіңкілдек домбыралар, қобыз, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, шертер, адырна, даңғыра, сыбызғы, саз сырнай, жетіген, шаңқобыз, асатаяқ және тағы басқа аспаптардың орындауында ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Оркестрдің репертуарында халық күйлері, халық композиторлары және осы заманғы қазақ сазгерлерінің шығармалары бар.