Алматыда офтальмологияның мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

АЛМАТЫ. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда «Офтальмологияның көкейкесті мәселелері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алматыда офтальмологияның мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Бұл конференция С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Офтальмология кафедрасының 75 жылдығына және Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру интитутының (АМДБЖИ) 45 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиында көз дәрігерлері «Көз ауруының қазіргі аспектілері», «Қалалық перинаталды орталығының 2008 жылғы мәліметі бойынша шала туылғандардың ретинопатиясы және ретиноламинд қолдану тәжірибесі», «Офтаквиксті балалар офтальмологиясы тәжірибесінде қолдану», «Офтальмологияда жүйелік энзимтерапияны қолдану», «Танакан препаратының диабеттік ретинопатияны емдеудегі фармакологиялық әсері» тақырыптарында пікір алмасты. «Мұндай конференциялар еліміздің әр түкпіріндегі мамандардың өзара пікір алмасуына, жаңалықтарын ортаға салуына мүмкіндік береді. Қазірде бүкіләлемдік «Көз - 2020» бағдарламасы жүріп жатыр. Біздің ғалымдарымыз осындай басқосулар арқылы көру қабілетін жақсарту саласындағы өздерінің жетістіктерін аталмыш бағдарламаға енгізіп, әлемдік көз аураларын емдеуге өз үлестерін қоса алады», - дейді АМДБЖИ профессоры, медицина ғылымдарының докторы Екпін Мәмбетов. Е. Мәмбетовтың айтуынша, қазірде Қазақстандағы офтальмология ғылымы жоғары деңгейде дамып келеді. Көз ауруларының ғылыми-зерттеу институты әлемдік стандарттарға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.