Алматыда оқитын студенттердің үлесі Мәскеуден 1,4 есе артық ? қала әкімі
АЛМАТЫ. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда оқитын студенттердің үлесі Мәскеуден 1,4 есе, ал әлемнің өзге жетекші елдерінің астаналарынан бірнеше есе артық. Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін Қазақтың әл- Фараби атындағы ұлттық университетінің ұжымымен болған кездесуде айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Биыл ҚазҰУ-дың 75 жылдығы. Осы мерзімде Қазақстан жастарына жоғары білім беруде және еліміздің ең үздік қызметкерлерін дайындап шығару шеберханасы ретінде бұл оқу орны өзін көрсете білді. «Бақыт жолы- білімнен табылады» деген ғұламалар. Ел ертеңін нұрландыратын күш - білімді ұрпақ, яғни жастар. Сондықтан ЖОО қабырғасында білім беру және ғылыми-зерттеу аясында студент жастарға толыққанды жағдай жасап отырғандарыңызды қуанышпен атап өткім келеді. 16 мыңнан астам студент білім алатын ҚазҰУ бүгінгі таңда көп салалы ірі ғылыми ағартушылық кешен және білім мен ғылымның жоғары кәсіби инновациялық біліктілікті дамытуда көшбасшы болып табылады. Сонымен қатар, сапа аясындағы жетістіктері үшін ҚР Президенті сыйлығының лауреаты екенін де ризашылықпен атап өтпекпін. Университеттің кәсіби білікті профессорлық- оқытушылық құрамы, оның ішінде 300 ғылым докторы, профессорлар, 800-ден астам доценттер мен ғылым кандидаттары оқу орнының жоғары деңгейде екенін көрсетеді», дейді экономика ғылымының докторы А. Есімов. Ахметжан Смағұлұлының айтуынша, еліміздегі студенттердің үштен бірі ? Алматыда оқиды. Қала тұрғындарының қатарында 29 жасқа дейінгі жастардың үлесі 30 пайызды құрайды. Бұл - Алматыға жастар астанасы деуге құқық беріп отыр.