Алматыда өкпесінің 75 пайызы зақымданған науқасқа ота жасалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирус жұқтырған 40 жастағы әйелге шұғыл түрде ота жасалды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда өкпесінің 75 пайызы зақымданған науқасқа ота жасалды

«Дәрігерлердің басты міндеті - науқасты аман алып қалу. ПТР тестінің оң нәтижесі расталған, өкпесінің 75%-дан астам бөлігі зақымданған 40 жастағы А. есімді науқас Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына түскенде, жалпы әлсіздікпен қатар ішінің төменгі жағының ауыратындығына шағымданды. Қосымша тексеруден кейін пациент шұғыл түрде – оң жақ аналық бездегі жылауықтың қабыршақтануына лапароскопиялық цистэктомия ота жасауға жіберілді. 40 минутқа созылған шұғыл ота сәтті аяқтады», - деп хабарлады басқармадан.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, коронавирус инфекциясы расталған науқастарға хирургиялық ота қажет болғанда, ол арнайы профильді жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылады.

Операция кезінде қосымша эпидемиологиялық ережелердің барлығы қатаң сақталады. Хирургтың қасында оның қимыл-әрекетін сөзсіз түсінетін сенімді көмекшісі, оталық медбике және анестезиолог болады.