Алматыда өкпесінің 88% зақымданған науқас жазылып шықты
Коронавирус инфекциясы салдарынан 59 жастағы пациент өздігінен тыныс алу қабілетінен айырылған. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.
Алматылық Владимир Шестаков қауіпті вируспен бір айдан астам уақыт күресті. Екі өкпесі бірдей қабынған науқас екі апта бойы жансақтау бөлімінде жатты.
«Науқастың қызы Ольга Чистякова Медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы аурухана дәрігерлеріне алғыс жолдапты. Жылдың басында іске қосылған қосымша халық арасында үлкен сұранысқа ие бола бастады. Азаматтар Qoldau 24/7 арқылы шағым ғана емес, емдеген дәрігерлер мен медицина мекемесі атына алғыс жолдай алады. Жыл басынан бері қосымша арқылы 700-ге жуық алғыс хат келіп түсті», - дейді филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев.
Ольганың айтуынша, әкесі биылғы жылдың 25 маусымында сырқаттанған. Бастапқыда дәрігерлер оған өткір респираторлық вирустық инфекция деген диагноз қойған. Бірақ тағайындалған емнен пайда болмаған соң, компьютерлік томография жасалған. КТ нәтижесі өкпенің 88% астамы зақымданғанын растаса, ПТР тест сырқаттың COVID-19 вирусын жұқтырғанын анықтап берді.
«Әкемді бірден ІІМ госпиталіне жатқызды. Бірақ беті бері қарай қоймаған соң, Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Аурухана дәрігерлері әкемді емдеп жазамыз деген сөзінде тұрды. 28 маусымда өз аяғымен ауруханадан шықты. Орталық қалалық клиникалық ауруханада алтын қолды дәрігерлер жұмыс істейді. Солардың білімі мен біліктілігінің арқасында әкем ауыр науқастан құлан-таза айықты», - деп жазды алғыс білдірген Ольга Чистякова.
Емдеуші дәрігер Мыңжан Меңлібековтің айтуынша, пациент ОҚК ауруханаға ауыр халде түскен.
«Коронавирус инфекциясын жұқтырған пациенттің өкпесі зақымданып, вирусты пневмонияға шалдыққан. Бұл пациенттің өкпесі оттегі аппаратына қосқанға дейін 97 процентке дейін зақымданып үлгерді. Бірден тиісті дәрі-дәрмектер бердік, оттегіге қосқаннан кейін жағдайы едәуір жақсарды», - дейді М.Меңлібеков.
Филиал мәліметінше, 3 наурыз бен 28 шілде аралығында Алматы қаласы бойынша коронавирус инфекциясына қарсы күреске 26 медицина мекемесі жұмылдырылған. Оның 21-і – инфекциялық стационар, 17-сі – провизорлық, 1 – кантиндік стационар. Осы уақыт аралығында аталған ауруханалардан 29 667 адам емделіп шыққан. Оған 3,2 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды.