Алматыда оқу жылы басталғалы 49 оқушы коронавирус жұқтырған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жаңа оқу жылының алғашқы аптасында 49 алматылық оқушыдан коронавирус анықталды. Бұл туралы мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфир барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімнің айтуынша, балалар коронавирус инфекциясын мектепте жұқтырмаған.
«Олар вирусты мектептен жұқтырған жоқ. Эпидемиологиялық тергеу нәтижесі бойынша балалар үйде жұқтырған, туыстары арасында біреу ауырып қалған. Балалар бұл вирустың симптомсыз тасымалдаушылары болып саналады. Мұндай жағдай Алматының 39 мектебінде тіркелді. Коронавирус жұқтырған оқушылар онлайн форматқа көшті. Сонымен қатар, амбулаторлық жағдайда ем қабылдап жатыр «, - деді Бақытжан Сағынтаев.
Бұған дейін, әкім мегаполисте эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанын айтқан еді.