Алматыда оқушылар арасында фортепианодан өткен байқаудың жеңімпаздары анықталды

Оның жабылу рәсімі П. Чайковский атындағы музыкалық колледжде өтті.
Естеріңізге сала кетелік, 12 наурызда осы өнер ордасында басталған сайысқа еліміздің 11 қаласынан: Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Шымкент, Семей, Ақтөбе, Павлодар, Петропавл және Талдықорған қалаларынан 83 оқушы қатысқан болатын.
«Біз бұл байқауды ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының қолдауымен жоғары деңгейде өткіздік. Бұл нағыз музыка мерекесі іспетті болды. Бүкіл республикадан келген әр түрлі мамандық иелері өздерінің фортепиано бойынша шеберліктерін паш етті. Мен балалардың өнеріне риза болдым. Қазақстанда музыка жақсы деңгейде дамып жатыр, оның болашағы зор, - деп айтуға болады. Бүгін зор қуанышпен осы игі шараны аяқтап, жеңімпаздарды марапаттаймыз», - деді өз сөзінде П. Чайковский атындағы музыкалық колледждің директоры Біржан Хасанғалиев.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша П. Чайковский атындағы музыкалық колледждің оқушылары: Нұрдәулет Қадырбай, Әлішер Қадыров, Диана Удовиченко және Алуа Төлеутаевалар үздік нәтиже көрсетіп, алты гран-при жүлдесінің төртеуін жеңіп алды. Қалған екі гран-при жүлдесі Петропавл қалалық музыкалық колледжінің оқушысы Вера Алаева мен Семей қалалық музыкалық колледжінің оқушысы Жанель Сафиеваға табыс етілді.
Сонымен қатар, 12 оқушы бірінші орынға ие болды. Олардың сегізі - П. Чайковский атындағы музыкалық колледжің оқушылары. Бұлдардан басқа, 14 оқушы екінші орынды, тағы 14 оқушы үшінші орынға ие болды. Оларға екінші және үшінші дәрежелі дипломдар табыс етілді. Қазақстандық композиторлардың пьесаларын үздік орындаған 5 оқушы мен шетелдік композиторлардың пьесаларын үздік орындаған 3 оқушы арнайы дипломдармен марапатталды. 22 оқушыға қатысқандары үшін грамоталар берілді.
Сондай-ақ, жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйақы табыс етілді.
Айта кетелік, байқауға төрт мамандық: музыка теориясы, хорға дирижерлік ету, академиялық вокал, эстрадалық вокал және дәстүрлі вокал бойынша білім алатын оқушылар қатысқан болатын.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл байқау енді алдағы уақытта елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын болады.