Алматыда оқушылар арасында халықаралық байқау өтуде, оның жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 250 жас ғалым халықаралық байқауда бағын сынап жатыр. Өмірбек Жолдасбеков атындағы дәстүрлі халықаралық конкурс биыл V рет ұйымдастырылып отыр.

Алматыда оқушылар арасында халықаралық байқау өтуде, оның жеңімпаздары ҰБТ-дан босатылады

Сайыста осы жарыстың іріктеу сындарынан сүрінбей өткен ең мықты 250 жас ғалым математика мен механикалық зерттеу жұмыстары бойынша бақ сынап жатыр. Бүгін соңғы сайыстар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика және математика факультетінің ғимаратында басталды.

Білім додасына Тәжікстаннан 33 оқушы, Қырғызстаннан 14 оқушы келген. Екі күнге жоспарланған конкурста барлығы 191 жоба қорғалмақ. Соның ішінен үздік танылған жобалардың авторлары мемлекеттік грант иеленіп, Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден босатылады.

«Конкурстың негізгі мақсаты - оқушылардың математика ғылымына қатысты қызығушылығын арттырып, зерттеуге қабілеті бар оқушыларды анықтау және қолдау. Балалардың ізденісі өте жақсы. Мысалы, бүгін дарынды бала болса, ертең өте жақсы оқитын студент атанады. Біздің жеңімпаздар мехмат факультетіне түседі. Көпшілігі инженер болып кетті. Сонымен, бұл конкурс оқушылардың болашақ тағдырына өте жақсы серпін беретін конкурс», - деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева.