Алматыда оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтуға 20,4 млрд теңге бөлінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екінші жыл қатарынан қала әкімдігі мектептердің 1-4 сынып оқушылары мен халықтың әлеуметтік осал топ отбасынан шыққан балаларды тегін тамақтандыру жобасын іске асыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда оқушыларды тегін ыстық тамақпен қамтуға 20,4 млрд теңге бөлінді

«Тегін тамақпен жалпы қамту 133 мыңнан астам оқушыны құрайды (немесе орта білім беру ұйымдарының жалпы контингентінің 45,3%). Жалпы 2023 жылға оқушыларды тамақтандыруға 20,4 млрд теңге қарастырылды. Бір күндік тамақтанудың құны – 800 теңге»,- деп түсіндірді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Тағы бір ірі жоба - Кешенді қауіпсіздік жүйесін енгізу.

«Биыл жыл соңына дейін барлық 214 мемлекеттік мектепте полицияның жедел басқару орталықтарымен интеграцияланатын «дабыл түймелерімен», өткізу жүйесімен (турникеттер), өрт қауіпсіздігі жүйесімен, бейнебақылау камераларымен жабдықталған Кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілетін болады. Бұл жоба жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын үш жылдық сервистік модель шеңберінде қаржыландырылады», - деді ол.