Алматыда оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды
АЛМАТЫ. Маусымның 13-і. ҚазАқпарат /Серік Қойбағаров/ - Кеше Алматының Әуезов ауданында нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі комиссия мен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның кеңейтілген мәжілісі өтіп,
онда балалардың тұратын жерлері бойынша жазғы демалыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәжіліске аудандық қызметтер мен тоғыз аула клубының басшылары қатысты. Олар ауданның білім ошақтарында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі жұмыстардың барысын, есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу жөніндегі полиция инспекторлары атқарып жатқан шараларды талқылады. Бес айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылып, жаз айларында атқарылатын жұмыстардың жоспары әзірленді. Жиынға қатысушылар, балаларды, әсіресе жасөспірімдерді өз беттерімен жібермеу керектігін, олардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру қажеттілігін баса атап көрсетті. Олардың әлі бекіп үлгермеген психикалары түрлі теріс құбылыстар мен күмәнді тұлғалардың әсерлеріне бейім келеді. Ал жазғы лагерьлерде демалуға барлық оқушының қолы жете бермейді, сондықтан да аула клубтары мен учаскелік инспекторлардың жұмыстарын күшейту қажет, дейді мамандар.