Алматыда оқырмандарға 200-ге тарта кітап тегін ұсынылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасы алдында Саяхаттаушы кітаптар кітапханасы немесе Буккроссинг жобасының ашылу рәсімі өтті.

Алматыда оқырмандарға 200-ге тарта кітап тегін ұсынылды

Жоба аясында қаламызда тұңғыш рет арнайы шатырдың астына орнатылған кітаптар сөресі оқырмандардың пайдалануына берілді. Дүңгіршекке ұқсас бұл арнайы орындағы айналмалы кітаптар сөресіне бүгін 180 кітап қойылды.

«Енді, бұл жерге кез-келген оқырман кез-келген уақытта келіп, өзіне қалаған кітаптарды алып кетіп, оқи алады. Егер ұнатса өзіне қалдырады. Ал, олардың орнына өзінің оқыған кітаптарын немесе газет-журналдарын алып келіп қоя алады. Біз ешқандай бақылау жүргізбейміз. Оқырман билеті толтырылмайды. Мұны ашық аспан астындағы бейне бір жанды кітапхана деуге болады. Біздің мақсатымыз - кітаптарға екінші өмір сыйлау. Олардың пайда әкелуіне жол ашу. Яғни, кітаптар сөрелерде бекерге шаң басып жатпауы керек. Сондықтан, біз қала тұрғындарын бұл акцияға белсене атсалысуға шақырамыз», - деді ҚР Ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Ажар Юсупова.

Сонымен қатар, Ажар Хамитқызының айтуынша, алдағы уақытта қаладағы басқа да әлеуметтік нысандар аумағында осындай сөрелер қойылатын болады.  

«Әрине, бұған дейін саябақтар мен гүлбақтарында осыған ұқсас шаралар өткізілген. Бірақ, арнайы мамандандырылған орын кітапхана қызметкерлерінің бастамасымен тұңғыш рет ашылып отыр. Бүгін сөреге қойылған кітаптарды ҚР Ұлттық кітапханасы қызметкерлері өз үйлерінен алып келген. Олар негізінен қазақ, орыс, ағылшын, испан және түркі тілдерінде жарық көрген көркем әдебиеттер. Дегенмен, алдағы уақытта оқырмандардың сұрауына қарай, бұл сөреге ҚР Ұлттық кітапханасының алмасу-резервтік қорындағы кітаптар және осы кітапханаға сыйға берілген кітаптардың артық даналары да қойылатын болады. Біз алдағы уақытта денсаулық сақтау, білім мекемелері, әуежай, теміржол және автовокзал басшылықтарымен келісіп осы нысандардың аумағында да осындай ашық кітап сөрелерін орнатуды көздеп отырмыз. Мақсатымыз - тұрғындарды кітап оқуға тарту, олардың сауаттылығын арттыру», - деді А. Юсупова.

Бүгінгі шараға кітапхана басшылығы мен қызметкерлері, оқырмандар және Маңғыстау, Павлодар және Алматы облысынан келген кітапханашылар қатысты. А. Юсупованың алғы сөзінен кейін, шашу шашылып, оқырмандар көңілдене «Буккросинг, - Буккросинг» деп ұрандатты.

«Бұл игілікті шара маған өте ұнады. Енді біз де оны өз облысымызда, аудан, тіпті ауыл көлемінде де жүзеге асыруға күш салатын боламыз. Мен қызмет ететін кітапханада қазақ тілінде 8 мың, ал орыс тілінде 12 кітап және 387 оқырманымыз бар», - деді Павлодар облысы, Успен ауданы, Ковалев ауылдық кітапханасының кітапханашысы Роза Беркімбаева.

Ал ҚР Ұлттық кітапханасының кітап қорында бүгінде 6 млн 650 мың дана кітап бар. Жылына кітапханаға - 750-800 мың оқырман келеді.

Айта кетелік, Буккроссинг(ағылшын тілінен аударғанда «кі­таптың айналыста жүруі») идеясын АҚШ-та интернет-технология маманы Рон Хорнбекер 2001 жылы ұсынған. Жарты жылдан кейін оның сайтында  еркіндікке жіберілген кітаптың жолын жалғастырған 300 белсенді пайдаланушы тіркелді. Буккроссинг «өзің оқы да - басқаға бер» қағидасына негізделген қарапайым іс-әрекеттен тұрады. Мақсаты - кітап оқуды дәріптеу, кітап оқуға тарту. 

null null