Алматыда олимпиадалық спорт мектептеріне балаларды іріктеу басталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының спорт басқармасына қарасты балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтегі тегін спорт мектептеріне жыл сайынғы іріктеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, тегін спорт мектептеріне іріктеу дәстүрлі түрде шілде-қыркүйек айларында өтеді. Бұл ретте баланың жалпы физикалық дайындығы мен жасына баса мән беріледі.
«Алматыда балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резервтегі 10 спорт мектебі және 1 мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Алматы» спорт клубы жұмыс істейді. Бұл балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық дарындыларды анықтау және дамыту мақсатында ашылған мамандандырылған оқу орындары. Олар балалардың өздері таңдаған спорт түрімен кәсіби деңгейде айналысуына және Олимпиада ойындарына қатысу үшін дайындалуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда осы мектептерде 13 мыңнан астам бала кәсіби спортпен айналысады», - деп хабарлады әкімдікте.
Алматы қаласының спорт басқармасы спортшылардың оқу-жаттығуы мен іссапарлардың барлық шығынын көтереді.
«Оқуға түсу үшін міндетті стандарттарды тапсыру арқылы іріктеуден өту керек. Негізі бұл жалпы дене жаттығулары: жүгіру, секіру және тартылу. Әр спорт түрі үшін жеке-жеке арнайы дене дайындығы тексеріледі: мысалы, көркем гимнастика үшін шпагатқа отыра алу керек. Міндетті шарттардың бірі Алматы қаласында тіркелу», - делінеді әкімдіктің хабарламасында.