Алматыда он-лайн режимінде танымал украин педиатры Евгений Комаровскиймен кездесу өтті

АЛМАТЫ. 9 маусым. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Нестле компаниясының ұйымдастыруымен Алматы-Харьков телекөпірі өтті.

Алматыда он-лайн режимінде  танымал украин педиатры Евгений Комаровскиймен кездесу өтті

Он-лайн режимінде өткен кездесу барысында қазақстандық педиатрлар мен жас ата-аналар танымал украин педиатры Евгений Комаровскиймен әңгімелесіп, бала денсаулығы және бала тәрбиесіне қатысты сұрақтарға жауап алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, телекөпір Ресей, Қазақстан, Украинаның педиатрия саласындағы танымал сарапшылармен өтетін дәстүрлі кездесулер аясында ұйымдастырылып, Қазақстандағы салауатты ұлт денсаулығын қалыптастыру мақсатында өткізіліп отыр.

Шараға 150-ден аса ата-аналар мен танымал қазақстанық сарапшылар қатысты.

"Мен ең алдымен бала денсаулығы мәселесіне үлкен мән беріп, осы кездесуді ұйымдастырып отырған "Нестле" компаниясына алғысымды білдіргім келеді. Менің кеңестерім жарап, сұрақтарыңызға жауап таба алып жатсаңыздар қуаныштымын",-деді Евгений Комаровский.

Телекөпірдің форматы сұрақ-жауаптардан тұрды.Ата-аналарды негізінен бала денсаулығы мен тамақтануына қатысты сұрақтар, бала-бақшаға дайындау мен тұмаудан вакцина жасау, ерте дамыту әдістері сынды сұрақтар мазалады.

Баланы тұмаудан вакцинациялау жөніндегі сұраққа маман жыл сайын мүмкіндігінше егілу керек деген ұсынысын білдірді. "Мен және менің отбасым жыл сайын тұмаудан егіледі. Егу не екпеу, ол материалдық жағдайға байланысты. Егер сапалы вакцина алуға мүмкіндік болып жатса, жасату керек",-деп кеңес береді ол.

Оның айтуынша жеткілікті имунитеті бар бала бала-бақшада суық тию, тымау сынды аурулармен жылына 6-12 ретке дейін ауыруы бір қалыпты жағдай. "Ең бастысы ондайда сауатты емдей білу керек, "химиямен" тамақтандырмай, керісінше, таза ауаға көп шығарып, қою тамақты іштірмей, сұйық заттарды көп беру керек. Сонда бала тез жазылады. Сонымен қатар, үй мен бала бақша температурасын бір қалыпты ұстау маңызды",-дейді маман.

Баланы ерте дамыту әдістері жөніндегі сұраққа ол: "Баланы ерте дамыту, оны бақытты етпейді, оны мен нақты білемін. Баланың көп нәрсені білгені жөн, бірақ бұл істе артық кетпеу керек",-деп санайды Евгений Комаровский.