Алматыда онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған пансионат салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда биыл Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы базасында онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға және олардың ата-аналарына арналған пансионат құрылысы басталады. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.

Алматыда онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға арналған пансионат салынады

Алматы әкімдігі мен «U-Partners» ЖШС аралығында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоя отырып, қала басшысы Бауыржан Байбек, мұндай бастамалар тұрғындардың бизнеске деген сенімін арттыра түсетіндігін атап өтті. 

«Аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын нысан, салынып біткен соң, мемлекет меншігіне беріледі. Мұндай орталықты жеке қаражатқа салу деген - бірегей құбылыс. Бүгінде мемлекетіміз кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Бұған жауап ретінде бизнестің осындай белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп жатқандығы көңіл қуантады», - деді әкім.

Ал, «U-Partners» компаниясының бас директоры Жанат Рахмани өз сөзінде онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың ел өңірлерінен Алматыға тексерілуге келгенде, кейде уақытша тұруға баспана таппайтындарын, сондықтан осындай ыңғайлы пансионат салу ұйғарылғандығын атап өтті. 

Жоспар бойынша жоба алдағы 14 айдың ішінде жүзеге асырылады.

Айта кетелік, қазіргі таңда Алматыда мемлекеттік-жеке меншік серіктестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында төрт орта мектеп, бір емхана, сондай-ақ, бала бақшалар, спорт кешендері және басқа да нысандар салынып жатыр.