Алматыда опера мен балет өнеріндегі жаңа есімдер анықталды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазкоммерцбанк қаржылай қолдауымен дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп келе жатқан бұл шара былтыр Астанада өткен болатын. Биыл ол Алматыда ҚР халық әртісі Базарғали Жаманбаевтың көркемдік жетекшілігімен және ҚР еңбек сіңірген қйараткері Ләйлім Иманғазинаның режиссерлігімен Алматыда жалғасып отыр.
Концертте М.Төлебаевтың «Біржан-Сара», П. Чайковскийдің "Ұйқыдағы ару", "Евгений Онегин", «Дивертисмент», Ф.Шопеннің «Шопениана», Дж. Вердидің "Риголетто", «Тағдыр күші», «Трубадур», «Бал-маскарад», «Травиата», А. Аданның «Корсар», «Жизель» К. Сен-Санстың «Самсон және Далила», Н. Римский-Корсаковтың "Патша қалыңдығы", С.Мұхамеджановтың "Жұмбақ қыз», Л. Минкустің «Баядерка», Г.Доницеттидің "Неморино", "Махаббат сусыны" туындылары орындалды.
«Алматыда өткен концерт жас әртістердің шынымен де біздің опера және балет өнерміздегі «жаңа есімдер» екенін дәлелдеді. Олар көмейінен бал тамған Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, сондай-ақ балет жұлдыздары - Сара Көшербаева, Рамазан Бапов сынды өнер майталмандарының талантты ізбасарлары екенін дәлелдеді», дейді Қазкоммерцбанктің басқарушы директоры Мағжан Әуезов.