Алматыда өрт болып, 100 адам эвакуацияланды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркісіб ауданында шыққан өрттен 100 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
6 сәуір күні сағат 18:45-те Алматы ТЖД «101» пультіне Түркісіб ауданы Заславский - 2 көшесінде өрт болып жатқандығы туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минуттың ішінде келді.
«Белгілі болғандай, өрт 3 қабатты үйдің 2-қабатынан шыққан. Жалынды ауыздықтау барысында 6 адам құтқарылды, оның ішінде 3 бала бар. Қауіпсіз жерге көшірілген 100 адамның 20-сы бала. Өрт шалған аумақ 30 шаршы метрді құрады. Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ»,- деп мәлім етті Алматы қаласының ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.