Алматыда өрт шыққан үйдің 30 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің пәтерінен шыққан өрт сөндірілді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Дүйсен мәлім етті.
«Бүгін таңғы сағат 09:45-те «101» кезекші пультіне Достық даңғылы мен Бөгенбай көшесінің қиылысында орналасқан нөмірі №36-шы көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатында орналасқан пәтерден өрт шыққандығы туралы шұғыл хабар келіп түсті. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 9 сағат 50 минутта келіп жетті. Тілсіз жауды ауыздықтауға 4 негізгі техника мен 4 арнайы техника жұмылдырылды», -деді А. Дүйсен.
Оның айтуынша,өрт 10 сағат 11 минутта толығымен сөндірілді. Жалын тілі 18 шаршы метрді шарпыды. Қазір оның шығу себептері анықталу үстінде.
«30 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Олардың ішінде үстіңгі қабатта тұратын бес жасар баласы бар әйел де бар», - деді А. Дүйсен.