Алматыда өрт сөндіруші өзін-өзі өлтірмек болған адамды құтқарып қалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өрт сөндіруші қызметкер өзін-өзі өлтірмек болған ер азаматты құтқарып қалды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ТЖД ресми өкілі Сандуғаш Баймаұханбетова хабарлады.

Алматыда өрт сөндіруші өзін-өзі өлтірмек болған адамды құтқарып қалды

«Таяу күні Алматы қалалық ТЖД бастығының атына «Версаль» тұрғын үй кешені әкімшілігінен алғыс хат келіп түсті. Онда хат авторы осы тұрғын үй кешенінің ресепшн-операторы мамандандырылған №8-ші өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші қызметкерлерінің өзін-өзі өлтірмек болған адамды құтқарып қалғандары үшін оларға өз атынан және тұрғын үй кешені әкімшілігі атынан ризашылығын білдірген», - деді С. Баймұханбетова. 

Хат авторының айтуынша, тұрғын үй кешеніндегі бір тұрғын 4-ші қабаттың балконынан секіріп, өзін-өзі өлтірмек болған. Сол себептен тұрғын үй кешенінің қызметкерлері шұғыл Алматы қалалық ТЖД «101» кезекші бөліміне хабарласып, көмек сұраған.

«Ең бастысы, жас жігіт аман қалды. Сол үшін оны құтқарып қалған азаматтарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз», - делінген хатта.

Айта кетелік, 29 мамырда 13 сағат 4 минутта «101» кезекші бөліміне Алматы қаласының Медеу ауданы, Шевченко көшесі 7 мекенжайында бір адамның өзі-өзі өлтіруге әрекет жасап жатқаны туралы хабар келіп түскен. Бес минуттан кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер мінген автосаты келіп жетті. 

«Оқиға орнында өрт сөндірушілер ер азаматтың балкон жақтауынан асып, секірмекке ұмтылып жатқанын көреді. Мамандандырылған №8-ші өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғаныс лейтенанты Нұрбол Өтегенов сол арада өрт сөндіру сатысымен жылдам көтеріліп, өзін-өзі өлтіруші бір қолын жіберіп, көше жаққа бұрылып енді секірейін деп жатқан сәтте оны қолынан ұстап үлгеріп, көтеріп балконның ішіне қарай итеріп жібереді. Кейін, оны мықтап ұстаған күйі пәтердің ішкі есігін ашып, басқа да өзара әрекеттестік күші қызметкерлерін ішке жібереді», - деді С. Баймұханбетова.