Алматыда өрт сөндірушілерге көмектескен оқушылар марапатталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тұрғын үйлер мен саяжайларды өрттен қорғап қалған 4 оқушыға алғыс айтып, арнайы сыйлық табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
ТЖД-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Медеу ауданында күрделі аумақта болған өртті сөндіруге көмектескен оқушыларды марапаттау ҚР Тұңғыш Президенті күнін мерекелеу қарсаңында арнайы ұйымдастырылған. Марапаттау рәсіміне балалардың аналары да қатысты.
Атап айтқанда, Алматы қаласындағы № 99, № 64, № 29 мектептерінің оқушылары Даниил Семенов, Кирилл Семенов, Евгений Самойлов және Кондрат Миль ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, департамент атынан оларға телевизор сыйлыққа тарту етілді.
«Балалардың әрекеті отанды сүюдің нағыз үлгісі. Балалар адамгершілік танытты. Олар өртті сөндіруге дер кезінде көмек көрсетті», - деді салтанатты жиында Алматы қаласы бойынша ТЖД басшысы өртке қарсы қызмет генерал-майоры Серік Әубәкіров.
ТЖД баспасөз қызметінің айтуынша, балалар 1 қараша күні тау бөктерінде болған өртті сөндіруге көмектесіп, тілсіз жаудың тұрғын үйлер мен саяжайларға жайылып кетуінен қорғап қалған.
«Сол күні ТЖД өрт сөндірушілері күрделі аумақтағы өртті сөндірді. Тау беткейіндегі жүріп тұруы қиын жерде қураған ағаштар өртке орана бастаған. Тік жартастар мен тар жолдар өрт сөндіру машиналарының көтерілуіне мүмкіндік бермеді. Қаулап жанған өрт тез жайылып, тұрғын үйлер мен саяжайларға тиюі мүмкін еді. Өртке қарсы қызмет жауынгерлері өртті қолымен, шелектеп сөндіріп жатқан кезде күтпеген жерден балалар пайда болып, бір-бір шелекпен болыса бастаған. Қосымша жұмыс күшінің көмегіне өрт сөндірушілер өте мұқтаж еді. Балалар дәл уақытында келіп, үлкен ерлік жасады», - деді баспасөз қызметіндегілер.