Алматыда орта мектеп мұғалімдеріне арналған «Орталық Азия үшiн жасыл пакет» атты семинар өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/- Алматыда орта мектеп мұғалімдеріне арналған «Орталық Азия үшiн жасыл пакет» атты семинар-тренинг өтіп жатыр.

          Алматыда  орта мектеп мұғалімдеріне арналған «Орталық Азия үшiн жасыл пакет» атты семинар өтіп жатыр

«Шараның мақсаты - «Жасыл пакет» орталықазиялық мультимедиалы бiлiм беретiн ресурстың ақырғы нұсқасының тұсаукесерін жасап, еліміздің орта мектептеріндегі мұғалімдердің білімдерін жетілдіре түсу», -дейді аталған жобаның үйлестірушісі Татьяна Шакирова.

Бұл ресурс негізінен 13-15 жас шамасындағы оқушылар мен мұғалiмдерді қамтиды.

«Жасыл пакет» - қоршаған ортамен оның тұрақты дамуына қызығушылық танытушыларға арналған бiлiм материалдарының пәнаралық мультимедиалы комплекті болып саналады. Ол Орталық Азия мен Шығыс Еуропа аймақтық экологиялық орталықтарының атсалысуымен жасалған», -деп атап өтті өз сөзінде Т. Шакирова.

Аталған таспа қоршаған ортамен оның тұрақты дамуына байланысты 25 тақырыптан тұратын мәліметтер мен «Табиғи орта», «Қолайсыз әсерлер», «Экономик және қоршаған орта», «Жаһандық мәселелер» сынды басты 5 бөлімнен тұрады.

Мұғалімдердің айтуынша, бұл материалдар өте маңызды әрі қолайлы. Өйткені сабақ беру барысында таспаға жазылған материалдарды оқушыларға көрсете отырып түсіндірген өте тиімді көрінеді.

2002 жылдан бері осы материалдарды меңгеруге 10 мыңдаған мұғалім мен Польша, Болгария, Венгрия, Чехия және Словакия, Ресейден миллиондаған оқушы қатысқан.

«Бүгінгі шараға қатысып отырған топтың ерекшелігіне тоқталсам, мұнда ҚР қазақ сыныптарында сабақ беретін мұғалімдер жиналып отыр. Шеврон және Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының қолдауымен «Орталық Азия үшiн жасыл пакет» жобасы қазақ тіліне аударылып, бүгінгі күні еліміздің қазақ сыныптарында оқитын оқушыларға қолжетімді болып отыр», -дейді жоба үйлестірушісі.

Семинарға Астана, Алматы, Теміртау және Қарағанды қалаларының орта мектептерінде география, физика, биология пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер қатысуда.

24 желтоқсанға дейін жалғасатын шараны Шеврон және Астанадағы ЕҚЫҰ орталығының қолдауымен Орталық Азияның аймақтық экологиялық орталығы ұйымдастырып отыр.