Алматыда «Орта мектеп пен жоғары оқу орындарындағы математика курсы мазмұнының сабақтастығы мәселелері» тақырыбында республикалық семинар өтеді

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - 28-29 қарашада Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында «Орта мектеп пен жоғары оқу орындарындағы математика курсы мазмұнының сабақтастығы мәселелері» тақырыбында республикалық семинар өтеді.
None
None

Бұл шараны Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қазақстан математика пәні мұғалімдерінің І съезі ұсынымдарын іске асыру жоспарына сәйкес ұйымдастырып отыр, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Семинардың мақсаты - республиканың мектептері мен жоғары оқу орындарындағы математикалық білім сапасын арттыру.

Семинар жұмысының барысында мектеп және жоғары оқу орындарындағы алгебра және анализ бастамалары мен геометрия курстары мазмұнының сабақтастығын оқу-әдістемелік қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, семинар аясында оқу бағдарламалары мен оқулықтарды дайындаушылардың математика терминдерін түрлі нұсқада пайдалануының алдын алу мақсатында мектеп пен жоғары оқу орындары деңгейлерінде қолдануға арналған қазақ тілінде бірыңғай математикалық терминологияны қалыптастыру қажеттілігі туралы мәселелердің қарастырылуы көзделіп отыр.

Семинардың секциялық жұмыстарында қатысушылар 11 жылдық мектептің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын және «Математика» мамандығы бойынша жоғары білім беру деңгейінің стандартын талдайды.

Сонымен қатар, мұғалімдерді «Математика және информатика», «Математика және физика» және т.б. қос мамандық бойынша даярлау мәселелері, яғни мектеп пәндерінің мазмұнын кіріктіру жағдайында математика пәнінің мұғалімдерін даярлау жолдары нақтыланады.

Семинар жұмысына жоғары оқу орындарының өкілдері, республиканың ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалым әдіскерлері, жалпы орта білім беретін және арнайы мамандандырылған мектептердің басшылары мен математика пәнінің мұғалімдері, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институттарының әдіскерлері қатысады.

Соңғы жаңалықтар