Алматыда Орталық Азия аумағында алғашқы «Eurocopter» тікұшақтарына техникалық қызмет көрсету орталығы ашылды
АЛМАТЫ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат /Даниел Шайынғазин/ - Бүгін ҚР көлік және коммуникация министрлігі азаматтық авиация комитетінің төрағасы Рәділбек Әдімолда «Eurocopter» компаниясының сертификатын «SKY TECH» компаниясына тапсыру рәсіміне қатысты. Аталған құжат «Eurocopter» француз компаниясының Орталық Азия аумағында алғашқы тікұшақтарға арналған техникалық қызмет көрсету орталығының ашылуын қуаттайды, деп хабарлайды ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазақстандықтарды атаулы іс-шарамен құттықтап, сертификатты тапсыруға «Eurocopter ВОСТОК» компаниясының бас директоры Лоранс Риголини мен Орта Азиядағы «Eurocopter» компаниясының бас менеджері Эмерик Ломм келді.
Техникалық орталықтың ашылу рәсімінен кейін «Eurocopter» компаниясы тікұшақтарының шеруі өтті.
Анықтамалық: 2007 жылы құрылған «SKY TECH» қызмет көрсету орталығы Қазақстан Республикасында тікұшақтарға қызмет көрсетудегі алғашқы және жалғыз техникалық орталығы болып саналады. «SKY TECH» тікұшақтарға техникалық қызмет көрсету орталығы толық авиациялық-техникалық қызмет көрсетіп, әуе кемелердің ұшу жарамдылығына кепілдік береді, Қазақстанның барлық аумағына қосалқы бөлшектер, құрылымдар мен жағар май материалдарды жеткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасынан тыс аумақта әуе кемелерін сатып алу жөнінде келісімшарт жасау барысында кеңесші ретінде қызметтерін көрсетеді.
«SKY TECH» ЖШС-тің инженерлік-техникалық құрамы әуе кемелеріне өз бетімен техникалық қызмет көрсетуге рұқсаты бар. Барлық мамандар өндіруші зауыт лицензияланған оқу орындарында теориялық және тәжірибелік дайындықтан өтіп, техникалық қызмет көрсету бойынша нұсқаулығында көрсетілген барлық тексерулер мен техникалық қызмет көрсетудің барлық түрлерін жасауға рұқсаттамалары бар.
1992 жылы құрылған «Eurocopter» компаниясы аэроғарыштық және қорғаныс саласының, сондай-ақ, ілеспелі қызметтерді көрсетудегі ірі көшбасшысы болып саналатын EADS компаниясының құрылымдық бөлімшесі. EADS Group құрамына Airbus авиақұрылыс компаниясы, дүниежүзіндегі тікұшақтардың ірі өндірушісі Eurocopter компаниясы және зымырандық жүйе саласында әлемдік көшбасшы MBDA бірлескен кәсіпорыны кіреді. EADS Eurofighter консорциумының жетекші серіктесі, Ariane бағдарламасы бойынша негізгі атқарушы, А400М әскери ұшағын құрастырушысы, сонымен қатар Galileo серіктік навигация еуропалық жүйе бағдарламасының ірі қатысушысы.
2009 жылы Eurocopter дүниежүзіндегі бірінше азаматтық және ведомстволық сегментте тікұшақтарды өндіруші ретінде бірінші нөмірлі позициясын нығайтты. Компанияның жылдық айналымы 4,6 миллиард еуродан асып, коммерциялық және ведомстволық сектор үшін азаматтық тікұшақтар нарығындағы бөлігі 52% құрады. Барлық әлемдік тікұшақ паркінің 30% Eurocopter үлесінде. Бес құрлықтағы 18 еншілес кәсіпорын, тармақталған дистрибьютерлік желі, сату жөніндегі сертификатталған агенттер мен қызмет көрсету орталықтары компанияның дүниежүзілік деңгейін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Eurocopter 10500 астам тікұшақтары 140 елдегі 2 800 иеленушілердің пайдалануында. Eurocopter компаниясы азаматтық және әскери үлгілерінің кең ауқымын ұсынады.