Алматыда Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының кездесуі өтеді
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Ақпанның 17-де Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия жөніндегі Өңірлік орталығының ұйымдастырумен Орталық Азия мемлекеттері Сыртқы істер министрлері орынбасарларының екінші жыл сайынғы кездесуі өтеді.
Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, кездесуге БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі - Өңірлік орталықтың басшысы Мирослав Енча қатысады деп күтілуде. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров қатысады. «Шара барысында су-энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік, трансшекаралық қауіп-қатерлер: экстремизммен, лаңкестікпен, ұйымдасқан қылмыспен және есірткі саудасымен күрес мәселелерін, ядролық қауіпсіздік мәселесін және Ауғанстандағы жағдайды талқылау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Өңірлік орталықтың 2009 жылғы жұмысының қорытындысы және 2010 жылғы жұмыс жоспары қаралады», деді А. Әбдірахманов.