Алматыда «Орталық Азия мен Ресейдегі БАҚ-тарда еңбек мигранттары тақырыбының көрінісі» атты семинар-тренинг өтті

АЛМАТЫ. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Ағымдағы жылдың 8-9 желтоқсанында БҰҰ-ның Әйелдердің даму қоры (ЮНИФЕМ) мен Халықаралық еңбек ұйымы Алматы қаласында «Орталық Азия мен Ресейдегі БАҚ-тарда еңбек мигранттары тақырыбының көрінісі» атты семинар-тренинг өткізді.

Алматыда «Орталық Азия мен Ресейдегі БАҚ-тарда еңбек мигранттары тақырыбының көрінісі» атты семинар-тренинг өтті

ЮНИФЕМ бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі, экономика ғылымдарының кандидаты Әлия Ілиясованың айтуынша, жоба Орталық Азиядағы кедейшілік деңгейін төмендетіп, еңбек мигранттары төңірегінде туындайтын өзекті мәселелерді біріге шешуді көздейді. "Бағдарлама еңбек мигранттарының құқығын қорғап, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Осы жобалардың нәтижесінде БАҚ өкілдері еңбек мигранттарының хал-ақуалымен жақын танысып, олар жайында көптеген мағлұмат ала отырып қоғамға жағымды пікір қалыптастырады деп ойлаймыз", -дейді Ә.Ілиясова.

Ресейдегі Kginfo.ru ақпараттық сайтының Бас редакторы Асылбек Эгембердиев Мәскеуде 100 мыңға жуық еңбек мигранты бар екендігін айтады. «Дүниежүзілік экономикалық дағдарысқа дейін ресейде жүрген қырғыз азаматтары көбінесе құрылыс нысандарында жұмыс істесе, қазіргі уақытта әртүрлі тұрмыстық жұмыстарды атқаруда», -дейді ол.

Ресейдегі еңбек мигранттарының әлеуметтік жағдайы көбінде азаматтық алғаннан кейін жақсара түседі екен. 2007 жылдан бері 350 мың қырғызстандық ресей азаматтығын алған.

Ресейлік www.cogita.ru ақпараттық агенттігінің тілшісі Андрей Рысев қазір жаһандану дәуірі болғандықтан ұлттардың бір-біріне достық қарым-қатынаспен қарағандығын жөн санайтындығын айтады. «Қазақстандағы еңбек мигранттарының жағдайын Ресеймен салыстыруға келмейді. Бізде мигранттар өте көп, әрі олардың құқықтарының бұзылуы жиі орын алып тұрады, дегенмен соңғы уақытта оларға қысым көрсету жайттары сейілді», -дейді А. Рысев.