Алматыда Орталық Азия сауда форумы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) ұйымдастыруымен бесінші жыл сайынғы Орталық Азия сауда форумы басталды. Шараға әлемнің 20 елінен 600-ден астам адам қатысуда.
None
None

«Қазақстанның Орталық Азия аймағында көршілес елдермен арадағы саудалық байланысы елдің жалпы сауда айналымының бес пайызын құрайды. Солардың ішінде Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы - 2,1 млрд. долларды, ал Қырғызстанмен арадағы сауда айналымы - 1 млрд. долларды құрайды. Қалған көршілес елдермен арадағы сауда айналымы бұдан төменірек. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері Орталық Азия елдері арасында еркін сауда аймақтары жұмыс істеп келеді», - деді өзінің алғы сөзінде ҚР Экономикалық интеграция істері жөніндегі министрі Жанар Айтжанова.

Сонымен қатар ол көрші елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда бірқатар кедергілердің бар екендігін жеткізді.

«Солардың бірі- жанама салықтар. Яғни, бұл жерде импорттық тауарларға қатысты жоғары акциздік мөлшерлемелер немесе қосылған құн салықтары қолданылады. Сонымен қатар, отандық тауарлармен салыстырғанда санитарлық және қауіпсіздік нормалары бойынша тым жоғары техикалық талаптар қойылады. Импорттық тауарларды лицензиялау мен кедендік рәсімдеудің күрделі жүйелері де сауда-саттыққа елеулі кедергі келтіреді. Дегенмен, Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі және осыған байланысты 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, өзіне тиесілі міндеттемелерін орындайтындығы - еліміздің сыртқы саудасын әрі қарай ырықтандыруға және көрші елдермен арадағы сауданы барынша тереңдетуге мүмкіндік береді», - деді Ж. Айтжанова.

Айта кетелік, екі күнге созылатын форум барысында арнайы шеберлік сыныпары, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, бүгін форум аясында Орталық Азия елдерінде өндірілетін тауарлар бойынша көрме ашылды.

Соңғы жаңалықтар