Алматыда Орталық Азия жастары қауіпсіздік шараларын талқылауда
АЛМАТЫ. Маусымның 22-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда «Орталық Азиядағы заманауи қауіпсіздік шаралары» деген тақырыпта Орталық Азия жастарының конференциясы болып жатыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы Орталық Азиядағы аймақтық өкілдіктерінің қолдауымен ұйымдастырып отыр. Бұл басқосудың басты мақсаты - аймақтағы мемлекеттердің қауіпсіздік шараларына ұмтылыстарын ояту. Отырысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркменстан мемлекеттерінен жалпы саны 38 студент қатысуда.
«ЕҚЫҰ бүгінгі Орталық Азия мемлекеттерінде болып жатқан саяси ахуалдарға бей-жай қарай алмайды. Сол себепті де бұл мәселеде бүгінгідей шаралардың өткізілуін қажеттілік деп санаймын. Онда студенттер аймақтағы қауіпсіздік мәселелеріне қатысты өзекті деген 10 тақырыпты таңдап, сол бойынша жоба жасайды. Үздік деп танылғаны БАҚ-да жарияланатын болады», дейді ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы елшісі Александр Кельчевский.
Орталық Азия студенттерінің бұл басқосуы 2004 жылы Өзбекстанның Шарбақ қаласында басталған болатын. Одан кейін ол Ыстықкөлде, Душанбеде жалғасты.