Алматыда өртеніп жатқан үйден 2 газ баллоны шығарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өртеніп жатқан жеке үйден 2 газ баллоны шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда өртеніп жатқан үйден 2 газ баллоны шығарылды

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Наурызбай ауданының Жуалы көшесіндегі 137-үй өртеніп жатқаны туралы хабар түнгі 02:07-де түскен. Өрт сөндірушілер келгенде тілсіз жау шатырды түгел шарпып үлгерген. Қызыл жалын 3 метр қашықта орналасқан ғимараттың қасбетін ерітіп жіберген.

Өртенген үйден 2 газ баллоны сыртқа шығарылды. Осылайша жарылыстың алды алынды.

Өрт сөндірушілер түнгі 02:37-де қызыл жалынды ауыздықтап үлгерді. Төбесі бетон жабындымен қапталғандықтан үй толық жанып кетпеді.

Тілсіз жаумен күресуге 15 өрт сөндіруші, 4 техника жұмылдырылды. Ешкім жапа шекпеді.

Өрт электр сымының қысқа тұйықталуынан шыққан.