Алматыда өртке оранған үйден ер адамның мүрдесі табылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Наурызбай ауданында жеке тұрғын үйден өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, өрт Тастыбұлақ ықшам ауданындағы Жандосов көшесі 36-шы үйде тұтанған.
«Жалын туралы хабар 14 ақпан күні сағат 07.01-де түскен. Алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнында 5 минуттан кейін, 07.06-да болды. Құтқарушылар жеткен кезде үй жалынға оранып, шатыр жабындысы жартылай құлаған», - деді қалалық ТЖД өкілі Сандуғаш Баймухамбетова.
Тілсіз жаумен күрес барысында ер адамның мүрдесі табылды. От 11 минуттан соң ауыздықталып, бір сағаттан кейін толығымен сөндірілді. Жалын 80 шаршы метр аумақты шарпыды.