Алматыда өрттен зардап шеккен көп қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру 10 күнге созылуы мүмкін

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 10 мамыр күні Абылай хан даңғылы мен Гоголь көшесі қиылысындағы жеті қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан «Юбилейный» супермаркеті мен «Корова бар» дәмханасынан өрт шыққан болатын. Тілсіз жаудың салдарынан үстіңгі қабаттарда орналасқан 24 пәтерді өрт шалды.

Алматыда өрттен зардап шеккен көп қабатты тұрғын үйді қалпына келтіру 10 күнге созылуы мүмкін

Ал оларды қалпына келтіру жұмыстары 10 күнге созылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Алматы жылуэнерго кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнының ресми өкілі Ян Гирин хабарлады.

Оның айтуынша, алдағы үш күн ішінде қалпына келтіру, пәтерлерді, баспалдақтарды күйеден, қоқыстардан тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Қазір оқиға орнында «Алматы қала құрылысы» АҚ-ның 93 құрылысшысы жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, тазалау жұмыстарына «Алматы тазалық» ЖШС-ның 30 техникасы жұмылдырылған.

«Монтаждық жұмыстарға көп уақыт кететін болып тұр. Өйткені электр кабельдері мен электр жабдықтарын қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Оларды алып тастау керек. Ал бізде ондай кабельдер шығарылмайды. Олар шет елден арнайы тапсырыспен сатып алынып әкелінген кабельдер. Қазір біз сол кабельдерді күтіп отырмыз. Оларды іске қосуға 10 күндей уақыт кетеді. Интернет, сигнал беру жүйесі, электр тұстама, электр есептеуіш - барлығы сатып алынады. Одан басқа, тұрғын үйге жапсарлас салынған жазғы дәмхана да алынып тасталады», - деді Я. Гирин.

Қазір нақтыланған мәлімет бойынша өрттен барлығы 24 пәтер зардап шеккен.

Айта кетелік, 10 мамырға қараған түні, таңғы сағат 04:37-де Абылай хан көшесі 121 А мекенжайында орналасқан «Корова бар» дәмханасынан өрт шыққан болатын. Өрт сөндіру барысында барлығы 7 адам құтқарылып, 120 адам эвакуацияланды. Олардың ішінде үш бала бар. Бір адам уытты газға улану нышанымен ауруханаға жатқызылды. Басқалай зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Тілсіз жауды жоюға Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 115 адам мен 21 арнайы техника, сондай-ақ, жергілікті полиция қызметкерлері, жедел медициналық жәрдем дәрігерлері, коммуналдық қызметтердің қызметкерлері жұмылдырылды. Өрт таңғы сағат 05:52-де ауыздықталып, 06 сағат 36 минутта толығымен сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы - 1100 шаршы метрді құрады. Сол күні күндіз оқиға орнында қала әкімі Бауыржан Байбек болып, кафенің меншік иелеріне тұрғын үйлердің зақымдалған пәтерлерін үш күн ішінде қалпына келтіруді тапсырды.